Евразийский
научный
журнал
Заявка на публикацию

Срочная публикация научной статьи

+7 995 770 98 40
+7 995 202 54 42
info@journalpro.ru

«Компетенция» сөзі тұрақталған термин ретінде

Поделитесь статьей с друзьями:
Автор(ы): Наби Ыскак Айткулулы, Шапрова Г.Г.
Рубрика: Педагогические науки
Журнал: «Евразийский Научный Журнал №4 2016»  (апрель)
Количество просмотров статьи: 6011
Показать PDF версию «Компетенция» сөзі тұрақталған термин ретінде

Нәби Ысқақ Айтқұлұлы – пед.ғыл.докторы, профессор (Ұлттық аграрлық ғылими-білім беру орталығы, Қазақстан Республикасы)

Шапрова Гүлнар Ғабидоллақызы – пед.ғыл.кандидаты (Қазақ сәулет-құрылыс академиясы, Қазақстан Республикасы)



Аңдатпа

Мақалада терминдерге қойылатын талаптар ашылып, «компетенция» сөзінің қазақша баламалары қабылданған белгілерге сай келмейтіні дәлелденіп, бұл сөзді және одан туындайтын терминдерді қазақ тілі ерекшеліктеріне сәйкестендіріп түпнұсқасымен қолдану ұсынылады

Аннотация

В статье раскрыты требования, предъявляемые к терминам, доказано несоответствие казахского перевода слова «компетенция» принятым критериям, предложено использовать оригинал термина и производных слов с учетом особенностей казахского языка

 Түйінді сөздер: ұғым, термин, термин белгілері, қазақша баламалар

Ключевые слова: понятие, термин, критерии термина, казахский перевод

Қандай да болса ғылымның, оның ішінде педагогика бар,  әдіснамасы дәл және бірмәнді терминологияның болуын талап етеді. Терминология - терминдерді саналы икемдеуге және реттеуге оңай көнімді лексика ерекше секторын құрайтын, өңдірістің, қызметтің, білімнің сапасындағы терминдер  жиынтығы [1]. Терминологияда орын алған көпмәнділік қарастырылып отырған педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді толығымен түсінбеуге немесе басқаша түсінуге жол береді, ал біртұтас, дәл және бірмәнді терминология педагогика мәселелерін қарастырғанда өзара түсінік пен тиімділіктің маңызды құралы болып табылады.

Термин - ғылыми ұғымға айқын анықтама беретін, оның мағыналық шегін дәл көрсететін сөздер. Әдетте тілдегі қандай сөз болсын, ол көп мағыналы болып келеді де, оның мағыналық шегі айқын болмай, жылжымалы болады. Сонымен қатар  ол белгілі бір кәсіби білім саласы түсініктері жүйесіне кіретін түсініктің сөзбен анықталатын белгілеуі болып табылады.  Әр ғылым мен өндіріс саласы терминдері өздерінің жүйелерін қалыптастырады, олар ең алдымен кәсіби білімнің үғымдық байланыстарын тіл құралдары арқылы бейнелеуді мақсат еткенде білінеді [2]. Басқаша айтқанда, термин ( латын тілінен «terminus′» – шекара,соңы немесе шегі) – тек қана белгілі бір мамандандырылған кәсіби салада немесе мамандандырылған жағдайларда қолданылатын арнайы сөз немесе сөз тіркесі.

Терминдер қандай да жағдайда талас тудырады, себебі әр адамды  қанағаттандыратын анықтама табу қиын. Оның негізгі себебі мынада: әр сөзге әртүрлі мағына беріледі, ал бұл жағдай ыңғай түсінбеушілікті туғызады. Әрине, өте тар, мамандандырылған салада қолданылатын терминдер мұндай түсінбеушілікке ие болмайды, сондықтан тиісті білім, ғылым, өндіріс салалары мамандарында олар бірмәнді қолданылады. Ал егер термин белгілі бір мамандандырылған салада ғана емес, әртүрлі пәндік салада қолданылатын болса, онда оларды қолдануда проблемалар туады. Сол себептен мұндай терминдерді түсіндіру үшін сол сөздің өзінің ғана анықтамасы жеткілікті болмайды, анықтамаға қосымша контекст, яғни мәнмәтін, қажет болады, сонда ғана термин дәл мағынаға ие бола бастайды. Кейбір жағдайда мәнмәтінді бір сөзбен емес, ерекше сөз тіркесімен дәлірек етуге болады, сонда тиісті орта пайда болады да, терминді нақты түсіндіруге жағдай жасалады.

Терминдерге қойылатын талаптар совет терминтанушы Д.С. Лотте еңбектерінде тұжырымдалған.  Ғалым терминдерге қойылатын келесі талаптарды атап, оларды дәйектеді: қысқалық, бірмәнділік, уәждендірілгендік, қарапайымдық, терминдік жүйеде орын алған басқа терминдермен үйлесімдік (жүйелілік), ендірілген терминдерге жаңа терминдерге қарағанда басымдық беру. Бұл жерде уәждендірілгендікке түсінік беру керек. Уәждендірілгендік жүйелілікпен тығыз байланыста болады, оны берілген жүйедегі басқа терминдермен немесе жалпы тіл сөздерімен сәйкестік деп түсіну керек. Жаңа терминді дұрыс құру үшін оның дәйектілігін анықтау керек, яғни термин мазмұны анық болу керек, ол қай ғылыми ой үшін қажет екені, оның басқа терминдер арасындағы орны белгілі болу керек. Сонда қажет және маңызды нышандарды кездейсоқ нышандардан айыруға, яғни оны басқа терминдермен байланыстыратын ортақ  және оны айыратын нышандарды табуға мүмкіншілік туады. Уәждендірілгендік  талабына терминологиялық тіркестер сәйкес келеді, бірақ олар қысқалық талабына қарсы болады.

Педагогиканың терминологиялық аппаратын қарастырған ғалымдар [3] былай жазады: кез келген термин үш аспектіде талданылуы керек, атап айтқанда: 1) құбылыс ретінде; 2) үдеріс ретінде; 3) іс-әрекет ретінде. Егер зерттеу барысында кейбір ұғым енгізілетін болса, оны жан-жақты талқылап, сипаттау керек. Педагогикалық терминді сипаттау кезінде кейбір белгілерді ашып беру керек екені ғалымдар арасында дау тудырмайды. Бұл белгілердің маңыздылары төмендегілер:

1)  термин генезисі (ол қашан және қалай пайда болды, оның дамуы және қалыптасуы);

2)  терминнің негізгі мазмұны (ол анықтаудың қисындық амалдары көмегімен ашып беріледі, яғни бұл кезде оның негізгі жалпы және арнайы нышандары ерекшеліну керек);

3)  термин көлемі (бұл ұғым қамтитын нысандар жиынтығы ашылады);

4)  терминнің  басқа ұғымдар жүйесіндегі орны (оның басқа ұғымдармен қатынасы мен байланыстары анықталады);

5)  терминді қолдану аясы (нақты білім беру үдерісінде онымен қалай амал жасалатыны көрсетіледі);

6)  терминмен амал жасау тәсілдері (оны өлшеу параметрлері, көрсеткіштері және т.т. көрсетіледі);

7) терминді қолдану шектері (бастапқы ұғым белгілі бір шарттар орындалғанда қандай ұғымдарға түрлендірілетіні және қай жағдайда ол қолданылатыны көрсетіледі).

Енді «осы белгілер «құзыр» және  «құзырет» және олардан туындайтын «құзырлық»/ «құзыреттілік» терминдерін енгізгенде ашып берілді ме?» деген сұраққа жауап  іздейік. «Құзырет»/ «құзыреттілік» терминдерін ғылыми айналымға бірінші қатарда болып енгізген авторлардың біреуі профессор Б.Т. Кенжебеков болып табылады [4]. Әрине, ғалымның зерттеу міндеттеріне бұл терминдерді жоғарыда келтірілген белгілер бойынша зерттеу кірмеген, дегенмен осындай талдау өте қажет екені түсінікті. Құзыреттілік мәселесіне қазақ тілінде жазылған еңбектер авторлары осы терминмен қатар «құзырлылық» терминін қолданады ([5], [6]). Белгілі ғалым Ш.Таубаева өз еңбегінде [7] «құзыреттілік» пен «құзырлылық» терминдерін бірге қолданады. Сонымен, терминдерге қойылатын талаптардың кейбіреуі бұл жағадайда орындалмайтыны анық болды.

Жоғарыда айтылғанның негізінде, біздің ойымызша, жаңа термин енгізгенше, қарастырылып отырған терминдер орнына аударма сөздерді емес, түпнұсқаларды пайдаланған жөн, атап айтқанда түпнұсқалар – «компетенция» және қазақ тілі заңдылықтарына бейімделген «компетенттілік». Оған дәлел – анықталатын нысандар негізі ресей педагогикасында дәйектелген. Мысал ретінде төмендегіні келтіруге болады [8].

Компетенттілік көзқарас алдымен Англияда пайда болды, бірақ ол кәсіби сфераның нақты сұранысына жауап ретінде білім беру аясынан тыс туындады және санаға енді. АҚШ-та «компетенция» және «түйінді компетенциялар» ұғымдары бизнес саласында өткен ғасырдың 70-ші жылдарында табысты кәсіпші қасиеттерін анықтау мәселесіне байланысты қолданыла бастады. Бастапқыда компетенциялар арнайы кәсіби білім мен білікке қарсы қойылды, яғни олар қандай да болса табысты кәсіби іс-әрекеттің дербес әмбебап құрама бөліктері ретінде қарастырылды. Әрине, сонда мына сұрақ туындады:  компетенцияларға үйретуге болады ма? Сондықтан компетенциялар проблематикасы білім беру жүйесіне  көшті де, біртіндеп онда жетекші орын алды. Білім беру саласы Я.А.Коменскийден бастап негізгі бірліктермен  – білім, білік және машықтармен жұмыс істеді. Кәсіби сала басқа бірліктермен – компетенциялармен жұмыс істеді. Осы тұрғыдан қарастырғанда «кәсіп адам қандай болу керек?» және «оның компетенциялар саласы қандай?» деген сұрақтарға жауап береді. Олай болса, кәсіби сала компетенциялармен, ал білім беру – білім, білік және машықтармен амал жасайды. Егер кәсіби сала білім беру саласына тапсырыс деңгейінде өз сұраныстарын бірмәнді тұжырымдайтын болса, онда  білім беру саласы міндеті  кәсіби салада талап етілетін нақты компетенцияларды  білімге, білікке және машықтарға түрлендіру болып табылады.

Келтірілген үзіндіден қарастырылып отырған терминдер жоғарыда аталған белгілердің көбісіне ие екені көрініп тұр. Атап айтқанда, терминнің шыққан тегі (генезисі) жақсы бейнеленген, мазмұны ашылған (компетенциялар - қандай да болса табысты кәсіби іс-әрекеттің дербес әмбебап құрама бөліктері), көлемі анықталған («компетенция», «түйінді компетенциялар», «кәсібі компетенциялар»), орны анықталған (адам қандай болу керек және оның компетенциялар саласы қандай деген сұрақтарға жауап береді), қолдану аясы белгіленген (кәсіби және білім беру салалары), қолдану шегі сызылған (тапсырыс деңгейінде сұраныстарды бірмәнді тұжырымдауға арналған).

Сонымен, егер терминді кәсіби ғылыми қарым-қатынас құралы ретінде қабылдайтын болсақ, онда ол арнайы мәтіннің ақпараттық мазмұнын анықтайтын, арнайы ақпаратты құрылымдайтын және кодқа түсіретін ерекше құрал ретінде түсінетін боламыз, сонда өз зерттеулерімізде компетенция/компетенттілік терминдерін қолдану керек екені анықталады.


Әдебиет

1 Терминология [электронный ресурс. Режим допуска: kk.wikipedia.org›]

2 Термин [электронный ресурс. Режим допуска: kk.  wikipedia.org›]

3. Категориальный аппарат педагогики // Борытко, Н.М. Педагогика / Н.М. Борытко, И.А. Соловцова, А.М. Байбаков; под ред. Н.М. Борытко. М.: Академия, 2007. С. 51-56

4. Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерідің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2001. – 275 б.

5. Құдайбергенова К. «Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі»
(ғылыми-практикалық конференция материалдары).- Алматы, 2008

6. Тұрғынбаева Б.А. «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе».- Алматы,2005

7. Таубаева Ш. Педагогика әдіснамасы: оқу құралы. -Алматы. Қарасай баспасы, 2013. -432 б.

8. Компетентности и компетентностный подход в современном образовании [электронный ресурс. Режим допуска: festival.1september.ruarticles/581708/]